«Паразитке қарсы «Саусалин» препаратын фармакологиялық және клиникалық зерттеу» Ресей-Қазақстан ғылыми семинары туралы. Ақпарат.

   2016 жылдың 20 мамырында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінде (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы) «Паразитке қарсы «Саусалин» препаратын фармакологиялық және клиникалық зерттеу» Ресей-Қазақстан ғылыми семинары өтті.

 
Академик С.М. Әдекеновтің кіріспе сөзі,
Қазақстан Республикасы, Қарағанды қ.

   Семинардың жұмысына паразитке қарсы «Саусалин» препаратын зерттеу нәтижелерімен ресейлік және қазақстандық инфекционист зерттеушілер, облыстық клиникалардың дәрігерлері, ғылыми-зерттеу институттарының, университеттердің басшылары, Ресей мен Қазақстан ғылыми орталықтарының жетекші ғалымдары мен өкілдері – барлығы 30 астам адам қатысты.
Семинар жұмысын кіріспе сөзімен академик С.М. Әдекенов ашты.
   Профессор В.А. Мордвиновтың «Описторхоз терапиясына арналған тиімділігі мен қауіпсіздігі жоғары гельминтке қарсы жаңа дәрілік заттарды іздеу», медицина ғылымдарының докторы, РФ ғылым мен техниканың еңбек сіңірген қайраткері, профессор В.Г. Бычковтың «Саусалин мен цинаропикриннің түрлі описторхоз кезіндегі гельминттерді жою тиімділігі (клиникаға дейінгі зерттеу)», медицина ғылымдарының докторы, профессор Д.А. Баешеваның «Бауыр өт шығару жолдарының паразитке қарсы терапиясының жаңа бағыттары», медицина ғылымдарының докторы, профессор, РЖҒА академигі Р.Х. Бегайдарованың «Созылмалы лямблиозбен ауыратын балалар мен ересектерді молекулалық-жасушалық деңгейде емдеудің жетілдірілген тәсілдерін жасау» баяндамалары тыңдалып талқыланды.

          

Профессор В.А. Мордвиновтың сөз сөйлеуі,               Профессор В.Г. Бычковтың сөз сөйлеуі,
Ресей Федерациясы, Новосибирск қ.                          Ресей Федерациясы, Тюмень қ.

м.ғ.д., профессор Д.А. Баешеваның «Бауырдың өт шығару жолдарының паразитке қарсы терапиясының жаңа бағыттары»

  
 Профессор Д.А. Баешеваның сөз сөйлеуі, 
 Қазақстан Республикасы, Астана қ. 

м.ғ.д., профессор, РЖҒА академигі Р.Х. Бегайдарованың «Созылмалы лямблиозбен ауыратын балалар мен ересектерді молекулалық-жасушалық деңгейде емдеудің жетілдірілген тәсілдерін жасау»

  
Профессор Р.Х. Бегайдарованың сөз сөйлеуі, 
 Қазақстан Республикасы, Қарағанды қ.

    «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінде (Қарағанды қ.) сортаң шұбаршөп (Saussurea salsa DC.) өсімдігінің биологиялық белсенді терпеноидтарының негізінде лямблиозға және описторхозға қарсы әсер ететін «Саусалин» бірегей препараты жасалды.
   Сортаң шұбаршөп өсімдігінің жер үсті бөлігі сығындысының негізгі компоненттері сесквитерпенді лактондар, флавоноидтар, полисахаридтер, эфир майлары, илік заттар болып табылады. «Саусалин» препаратының әрекет етуші заты қарапайымдылардың (лямблиялар мен описторхтар) қимылсыздануы мен өлімін және ақуыздарының денатурациясын тудыратын цинаропикрин сесквитерпенді лактоны болып табылады.
Жүргізілген клиникаға дейінгі зерттеулер гепатобилиарлық жүйе паразиттерін (лямблиоз, описторхоз), несеп-жыныстық жүйенің айрықша (трихомониаз) және айрықша емес (бактериялық) ауруларын емдеу мақсатында сортаң шұбаршөп сығындысының негізінде дәрілік зат субстанциясын жасаудың өзектілігін көрсетті.
   «Саусалин» препараты клиникалық сынақтарының бірінші кезеңі ҚР ДМ Фармация комитетінің 08.08.2007 ж. №140 бұйрығына сәйкес Астана қаласында дені сау 30 еріктіде жүргізілді. Клиникалық зерттеулердің І кезеңі барысында препаратты қабылдау кезінде және қабылдағаннан соң үш айдан кейін еріктілердің жалпы хал-жайының және науқастар жағдайының нашарлауы анықталған жоқ, қандай да болмасын шағымдары да түспеген. Объективті зерттеу кезінде ағза мүшелері мен жүйелерінің патологиялық өзгерістері айқындалмаған. Қан мен зәрдің жалпы талдауын зерттеу аталған көрсеткіштердегі өзгерістерді анықтаған жоқ.
   «Саусалин» препараты клиникалық сынақтарының екінші кезеңі ҚР ДМ Фармация комитетінің 21.02.2008 ж. №29 бұйрығына сәйкес Қарағанды қаласы облыстық инфекциялық ауруханасының базасында жіті және созылмалы лямблиозбен ауыратын 90 науқаста жүргізілді. «Саусалин» препаратымен емдеген кезде науқастар ащы ішегінің лямблиялардан толық тазаруы байқалды. Ол ұлтабарды сүңгімен зерттеу деректерімен дәлелденді. Ал «Метронидазол» салыстыру препаратын қабылдаған науқастар тобында ащы ішектің тазаруы 28%-да ғана байқалған.
   «Саусалин» препараты бүйрек пен бауырдың сыртқа шығару қызметіне, тоқ ішектің, қынаптың, жатырдың қалыпты микрофлорасының құрамына әсер етпейді және жергілікті қоздырғыш әсері жоқ.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің 15.02.2011 ж. №68 бұйрығына сәйкес жүргізілген клиникалық сынақтардың ІІІ кезеңі шеңберіндегі «Саусалин» препаратын лямблиозға қарсы дәрі ретінде клиникалық зерттеу нәтижесінде созылмалы лямблиоз диагнозы қойылған 250 науқаста препараттың лямблиозға қарсы жоғары тиімділігі дәлелденді.
   «Саусалин» паразитке, қабынуға қарсы және өт айдау қасиеттері бар препарат ретінде қарастырылу мүмкін. Клиникалық зерттеулердің үш кезеңі көрсеткендей, науқастарда «Саусалин» препаратының жанама әсерімен байланысты жалпы жағдайы мен көңіл күйінің нашарлануы анықталмаған.
   «Саусалин» препаратын клиникаға дейін және клиникалық зерттеу нәтижелері бойынша созылмалы описторхозды емдеген кезде оның тиімділігі белгіленді. «Саусалин» препаратының описторхозға қарсы белсенділігі айқындығы бойынша «Орнисид» салыстыру препаратымен пара-пар.
   «Саусалин» препаратын қолдану лямблиялардың ащы ішектің үстіңгі бөліктерінен шығуына көмектесетіні анықталған. Бұл аталған паразитоз терапиясы кезіндегі жағымды белгі болып табылады. Сондай-ақ, аталмыш препарат «Метронидазол» салыстыру препаратына қарағанда, жоғары тиімділікті көрсетті.
   «Саусалин» препараты тәжірибелік партияларының өндірісі «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС базасында жүзеге асырылады.
   Клиникалық зерттеудің ІІІ кезеңі шеңберіндегі «Саусалин» препаратының лямблиозға қарсы дәрі ретіндегі клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігін зерттеу» және «Саусалин» препаратының описторхозға қарсы дәрі ретіндегі клиникалық тиімділігін зерттеу» клиникалық зерттеулерінің Хаттамалары дайындалып талқыланды.
   Трихомонадаға, лямблиозға және қабынуға қарсы «Саусалин» препаратын алу тәсілі №201100065 Еуразиялық патентпен, №23374 Қазақстан Республикасының инновациялық патентімен және №17518 ҚР патентімен қорғалды. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша 20 баспа жұмысы жарияланды.
   «Паразитке қарсы «Саусалин» препаратын фармакологиялық және клиникалық зерттеу» Ресей-Қазақстан ғылыми семинарында орын алған талқылау мен пікір алмасу бойынша «Саусалин» препаратын лямблиозға және описторхозға қарсы зат ретінде клиникалық зерттеуді (ІІІ кезең) Қарағанды мемлекеттік медицина университеті мен Астана медицина университетінің базасында жүргізуге; «Саусалин» препаратының орташа терапевтік дозасын анықтау мақсатында РҒА СБ Молекулалық биология және биофизика ҒЗИ (Новосибирск қ.) базасында препараттың әрекет етуші заты цинаропикриннің фармакокинетикасын зерттеуге; анағұрлым дәл диагноз қою және аталған нозологиясы бар науқастарды анағұрлым кең қамту мақсатында Молекулалық биология және биофизика ҒЗИ бірегей әдістемесі бойынша описторхоз диагностикасы үшін ПТР-талдауын енгізуге; Молекулалық биология және биофизика ҒЗИ базасында (Новосибирск қ., профессор В.А. Мордвиновтың жетекшілігімен) «Саусалин» препараты мен цинаропикриннің описторхозға қарсы әсер ету механизмін анағұрлым жете зерттеуге; описторхоз бен лямблиозды емдеу үшін қолданылатын «Саусалин» бірегей дәрілік препаратына клиникалық сынақтар жүргізу бағдарламасын ҚР ДӘДМ Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығына қарауға енгізуге; жұқпалы аурулардың жоғары деңгейін ескере отырып, паразитке қарсы препараттарға деген мұқтаждықты азайту мақсатында бизнес-жоспарды жасаумен бірге жаңа дәрілік препараттарды жасауды, олардың клиникалық сынақтары мен маркетингін және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыруды қамтитын «Паразитке қарсы жаңа отандық дәрілік заттарды жасау мен қолданудың ғылыми амалдары» бірлескен халықаралық жобасын дайындауға ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.