«Табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы»
Ресей-Беларусь-Қазақстан ғылыми конференциясы

2013 ж. 14-15 маусым  Қарағанды қ. 

   2013 жылдың 14-15 маусымында Қарағанды қаласында «Фитохимия» холдингінің базасында «Табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы» Ресей-Беларусь-Қазақстан ғылыми конференциясы өтті.
   Конференцияға Беларустан, Ресейден, Қазақстаннан 100-ден астам ғалым қатысты. Олардың ішінде Ресей, Беларусь, Қазақстан Ғылым академияларының 10 академигі, 6 корреспондент-мүшесі, 14 ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері.
   Конференцияны ұйымдастырушылар – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Қарағанды облысының әкімдігі, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі.

   Конференцияның мақсаты – табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің қазіргі жағдайын, жаңа биологиялық белсенді заттарды іздеуді және бірегей дәрілік препараттар жасауды талдау.
 Табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар молекулаларының құрылымы, қасиеттері мен химиялық түрленімі, табиғи қосылыстарды фармакологиялық зерттеу және оларды медицинада қолдану бағыттары бойынша 13 пленарлық және 20-дан астам стендтік баяндама тыңдалып талқыланды.
Конференцияға қатысушылар ұсынылған баяндамалар мен хабарламалардың жоғары деңгейі мен өзектілігін, қарастырылған мәселелердің кең ауқымын атап өтті. Тыңдалған баяндамалардың көбісі едәуір жаңалығымен, жоғары деңгейімен ерекшеленіп, табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы жетістіктерді қамтып көрсетті. Баяндамалар заманауи әлемдік деңгейде орындалған жұмыстардың негізгі қорытындылары мен нәтижелерін қамтыды. Авторлардың қол жеткізген нәтижелері тәжірибеде әлдеқашан қолданылып келеді немесе қолдануға ұсынылуы мүмкін.

  Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жаңа шетел және құрметті мүшелеріне куәліктер табысталды: Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Н.Н. Ворожцов атындағы Новосибирск органикалық химия институты зертханасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Эльвира Эдуардовна Шульцке (Новосибирск қ.), Ресей ғылым академиясы Н.Д. Зелинский атындағы Органикалық химия институты зертханасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Владимир Всеволодович Веселовскийге (Мәскеу қ.), «Ғылыми әріптестік» халықаралық қорының басқарма төрағасы, «ИнтерБиоСкрин» компаниясы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, химия ғылымдарының докторы, профессор Виктор Георгиевич Карцевке (Черноголовка қ., Мәскеу облысы).
   Ресей-Беларусь-Қазақстан конференциясының аясында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі Н.Д. Зелинский атындағы Органикалық химия институтымен (Мәскеу қ.), РҒА Физиологиялық белсенді заттар институтымен (Черноголовка қ., Мәскеу облысы), Физика-органикалық химия институтымен, Беларусь ҰҒА Биоорганикалық химия институтымен (Минск қ.), РҒА СБ Н.Н. Ворожцов атындағы Новосибирск органикалық химия институтымен ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы шарттар жасасты.
  Қатысушылар конференцияның жұмысы барысында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертханалары мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірістік цехтарын аралап шықты. Конференцияда өз шикізат негізінде шығарылатын жаңа дәрілік препараттардың және бірден-бір отандық технологиялар қолданылатын бірегей субстанциялардың өндірісі соңғы уақытта отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың басым бағыттарының біріне айналып келеді, деп белгіленді.
  Әлемде табиғи қосылыстар химиясы, технологиясы мен фармакологиясы дамуының жоспарланған өсуін және бірегей дәрілік заттар мен оларды өндіру технологияларын жасайтын ғалымдар мен мамандардың айтарлықтай әлеуетін ескере отырып, ғылыми конференция
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

   «Табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы» Ресей-Беларусь-Қазақстан ғылыми конференциясының жұмысы қабылдансын;
   Табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы, технологиясы және оларды жаңа биологиялық белсенді заттардың әлеуетті қайнар көздері ретінде тәжірибелік қолдану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын нығайту қажет деп есептелсін;
   «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің базасында табиғи қосылыстар мен олардың аналогтары үлгілерінің банкі жөніндегі, биологиялық скрининг және ақпараттық деректер қоры жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-технологиялық орталық құрылсын. «Өмір туралы ғылым» басымдығы жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына «Жасыл химия» жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеп ұсынылсын;
   Ресей ғылым академиясының, Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академияларының жетекші ғалымдары биоорганикалық химия және табиғи қосылыстар химиясы бойынша шеберлік сабақтарды өткізу мен арнайы курстарды оқытуға кеңінен тартылсын; химияның аталған саласында тұрақты қызмет ететін семинарлар өткізілсін;
  «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі Н.Д. Зелинский атындағы Органикалық химия институтымен, РҒА Физиологиялық белсенді заттар институтымен, Физика-органикалық химия институтымен, Беларусь ҰҒА Биоорганикалық химия институтымен, РҒА СБ Н.Н. Ворожцов атындағы Новосибирск органикалық химия институтымен байланыстарды нығайтып, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыруды жалғастырсын; өмір туралы ғылымдар, шикізат пен өнімді терең қайта өңдеу, елдің зияткерлік әлеуеті басым бағыттары бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дайындап, оларды жүзеге асыруға кіріссін;
   Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде бірлескен ғылыми зерттеулерді қоса қаржыландыруға жеке және халықаралық қорлар, бизнес-құрылымдар кеңінен тартылсын;
  Табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы жөніндегі іргелі және қолданбалы зерттеулер саласында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында болашағы зор жас зерттеушілердің тағылымдамадан өтуі белсенді жүзеге асырылсын;
   ҚР БҒМ ҒК Ботаника және фитоинтродукция институтына, Өсiмдiктердiң биологиясы және биотехнологиясы институтына, жоғары оқу орындарының биология факультеттеріне табиғи қосылыстардың жаңа өсімдік көздерін іздеу жөніндегі белсенді жұмысты жүргізуге ұсыныс берілсін;
   Жаңа табиғи қосылыстар мен биологиялық белсенді заттардың әлеуетті көздері – эндемикалық өсімдік түрлерінің химиялық құрылымын зерттеуге ерекше көңіл бөлінсін;
   Ресей ғылым академиясына, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Ұлттық ғылым академияларына осы академиялар мүшелерінің қатарына Қазақстанның, Беларустың, Ресейдің талантты, химия ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымдарын сайлауға ұсыныс берілсін;
   Табиғи гетероциклді және изопреноидты қосылыстар химиясы жөніндегі кезекті конференция 2015 жылы Қарағанды қаласында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің базасында өткізілсін. Конференция кезінде жастар мектебі өткізілсін;
   Конференцияның ұйымдастыру комитеті конференцияда тыңдалған баяндамаларды сараптық іріктеп алудан кейін материалдарды Еуразиялық химия-технологиялық журнал мен «Фармацевтикалық бюллетень» ғылыми-тәжірибелік журналында (Қазақстан Республикасы) жарияласын.