«ФИТОХИМИЯ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК
ХОЛДИНГІНІҢ 20-ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ФИТОХИМИЯНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ ЖӘНЕ ДАМУ КЕЛЕШЕГІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

2015 жылдың 10-11 сәуірінде Қарағанды қаласында (Қазақстан Республикасы) ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Ұлттық ғылым академиясының, Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасы бойынша ұйымдастырылған және «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің 20-жылдығына арналған «Фитохимияның жетістіктері және даму келешегі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияның жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі, Қарағанды облысының әкімі, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары, Германия, АҚШ, Қытай, Пәкістан, Чех Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Қазақстан өсімдік заттар химиясы, фармакология және дәрі технологиясы саласындағы ғылыми орталықтарының өкілдері мен жетекші ғалымдары, бірқатар ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерінің басшылары – барлығы 200 астам адам қатысты.

Конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың құттықтау сөзі айтылды.
Конференцияның жұмысы барысында «Қазақстанда жасалған» атты акция бойынша көрме ұйымдастырылып, оған 400 астам дәрілік препарат түрін ұсынған 10 қазақстандық фармацевтикалық зауыт қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы мен «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның негізгі мақсаты жаңа дәрілік өсімдік заттары мен стандартты үлгілерді зерттеу және өндіру, өсімдік текті дәрілік препараттарға арналған ұлттық фармакопеялық стандарттарды жасау саласындағы ынтымақтастық болып табылады.

Конференцияда ex situ, in situ және invitro жағдайындағы дәрілік өсімдіктер, фармакогнозия мен фармацевтикалық химия мәселелері, өсімдіктердің төмен молекулалы қосылыстары, молекулаларды химиялық түрлендіру және олардың қасиеттері, өсімдік заттарды фармакологиялық зерттеу және жаңа фитопрепараттарды клиникалық сынау, фитопрепараттар технологиясы мен фармацевтикалық өндіріс сапасы бақылауын енгізудің өзекті мәселелері бойынша 165 пленарлық, ауызша және стендтік баяндама тыңдалып талқыланды.

Конференцияға қатысушылар ұсынылған баяндамалар мен хабарламалардың жоғары деңгейі мен өзектілігін, қарастырылған мәселелердің кең шеңберін атап өтті. Тыңдалған баяндамалардың басым бөлігі айтарлықтай жаңашылдығымен ерекшеленіп, өсімдік заттар химиясы жөніндегі іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы жетістіктерді көрсетті. Авторлар қол жеткізген нәтижелер іс жүзінде қолданылуда немесе қолданылуға ұсынылу мүмкін.

 

Соңғы 10 жыл ішінде клиникалық сынақтан өткен және 2013 жылдың аяғында тіркелген табиғи қосылыстар мен олардың туындылары негізіндегі 100 препараттың фармакологиялық қасиеттері зерттелді. Аталған қосылыстардың 38 үлгісі онкологиялық ауруларға қарсы, 26 – инфекцияға қарсы, 19 – жүрек-қан тамырлары жүйесін және зат алмасу бұзылыстарын емдеуге арналған, 11 – қабынуға қарсы және 6 қосылыс невролгияны емдеуге арналған препараттар жасау үшін қарастырылуда. Дәрілердің жаңа түрлерін ашу келешегі сақталып келеді. Мысалы, соңғы 15 жыл ішінде клиникалық сынақтардан өткен, жаңа фармакофорларға ие 5 өсімдік текті препарат жасалған.

Бұл тұрғыдан АҚШ Ұлттық қатерлі ісік орталығынан келген ғылым докторы Джон А. Бютлердің «Қатерлі ісікке қарсы энглерин жасау» атты баяндамасын атап өткен жөн. Баяндамада Phyllanthus өсімдігінен бөлініп алынған энглерин гвайан сесквитерпенінің ісікке қарсы белсенділігін зерттеу нәтижелері ұсынылған. Энглериннің бүйректің сау жасушаларына әсер етпей, ісік жасушалардың некроздық өлімін тудыратыны анықталды. Сондай-ақ, ол бүйректің қатерлі ісігіне қарсы барлық кезеңдерде әсерлі әрі селективті цитотоксикалық қасиетке ие және бұның арқасында ісікке қарсы жаңа дәрілік зат ретінде келешекті болып табылады.

 

Профессор Лудгер Вессйохан (Германия) өз баяндамасында биологиялық белсенді қосылыстарды алдын ала өсімдік сығындыларынан бөліп алмай-ақ, заманауи есептеу, корреляциялық және хемоэнзиматикалық әдістерді қолдану арқылы оларды анықтаудың жаңа экспресс-тәсілі туралы мәлімдеді.

Нативті өсімдік заттар молекулаларын бағытталған химиялық түрлендіру уыттылығы салыстырмалы төмен, жоғары әрі әдейі өзгертілген биологиялық белсенділікке ие жаңа туындыларды алуға жол ашады. Химия ғылымдарының докторы, профессор Э.Э. Шульцтің (Ресей Федерациясы) баяндамасында басты сатыда 1,3-диполярлық циклдік қосылудың Cu-катализацияланатын реакцияларын қолдану арқылы қолжетімді өсімдік дитерпеноидтары – ламберт және изопимарлық қышқылдар мен пеуцеданин фурокумаринін бағытталған синтетикалық трансформациялаудың кейбір мүмкіндіктері көрсетілді.

 

Табиғи метаболиттердің арасында бірден-бір биологиялық қасиеттері бар циклопентандық фрагменттерге ие қосылыстардың кең таралуы жетекші ғылыми орталықтар синтетик химиктерінің аталған құрылымдағы қосылыстардың бағытталған синтезіне қызығушылығын тудырады. Химия ғылымдарының докторы, профессор В.В. Веселовскийдің (Ресей Федерациясы) баяндамасында РҒА Н.Д. Зелинский атындағы органикалық химия институтында орындалған қанықпаған силилнитрондық эфирлерді диполярлық [3+2] циклдік қосудың ішкі молекулалық реакциясының синтетикалық әлеуетін зерттеу жұмыстарының нәтижелері қарастырылған. Аталған реакция циклопентандық сақинаның әртүрлі стереоселективтік функционализациясын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Профессорлар Т. Мацек (Чех Республикасы) және В.А. Хрипачтың (Беларусь Республикасы) баяндамаларында стероидты гормондардың биологиялық белсенділігі және оларды қолдану жөніндегі деректер ұсынылған. Анықталған қасиеттер аталған фитостеролдардың медицинаға арналған жаңа препараттардың негізі ретіндегі келешегін көрсетеді. Олардың холестеринге қарсы әсері, сондай-ақ, адаптогендік, иммунтүрлендіруші, вирусқа және ісікке қарсы белсенділігі ерекше қызығушылық тудырады.

 

Профессор С.М. Әдекеновтың (Қазақстан) баяндамасында өсімдік сесквитерпеноидтар биосинтезінің мүмкіндіктеріне, атап айтқанда, арглабин сесквитерпенді лактоны биосинтезінің ықтимал жолдарына талдау жүргізілген. Сондай-ақ, рацемат пайда болуы арқылы жүретін химиялық синтезбен салыстырғанда кауниолид ішінен арглабин молекуласы биосинтезінің энанттық және стереоерекшелігінің артықшылығы көрсетілген.

Профессор П. Драшардың (Чех Республикасы), химия ғылымдарының докторлары, профессорлар Н.Ф. Салахутдиновтың (Ресей Федерациясы), Ж.А. Әбіловтың, К.Б. Мырзағұлованың, Ю.А. Шаповаловтың, А. Жүсіпованың, А.Ж. Тұрмұхамбетовтың, Б.И. Төлеуовтың (Қазақстан) және т.б. баяндамаларында биологиялық белсенді қосылыстарды өсімдік шикізатынан бөліп алу нәтижелері жалпыланған, өсімдік қосылыстар молекулаларының заманауи органикалық синтезінің, құрылысын анықтаудың және олардың негізінде дәрілік препараттарды алудың соңғы жетістіктері сипатталған.

Табиғи қосылыстар мен олардың туындыларының биоскринингі үшін ұлпа жасушаларының себінділерін қолдануда (in vitro) айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді. Оқшауланған органдар мен ұлпа кесінділері қолданылатын модельдер жасалды. А.В. Ратькиннің (Ресей Федерациясы) баяндамасында егеуқұйрық гепатомасының жасушалық себіндісінде in vitro жағдайында ахиллин сесквитерпенді ү-лактонының гиполипидемиялық әсерін зерттеу нәтижелері келтірілген.

Профессор Е. Кмоничкованың (Чехия) азот оксидін биологиялық маркер ретінде қолдану арқылы табиғи қосылыстардың иммунтүрлендіруші белсенділігін зерттеуге арналған баяндамасы конференцияға қатысушылардың ерекше назарын аудартты.

Клиникалық практикаға фармакогенетикалық тесттерді енгізу мәселелеріне профессор Д.А. Сычевтың (Ресей Федерациясы) баяндамасы арналды. Қазіргі уақытта онымен бірқатар фармакогенетикалық сынақтамалар әзірленді. Ісікке қарсы «Арглабин» препаратының тиімділігі мен қауіпсіздігін болжайтын фармакогенетикалық сынақтама, сондай-ақ, препаратқа арналған нысана молекулаларды бағытталған іздеу әдісі (фармакодинамика) және оның науқас ағзасындағы фармакокинетикасының молекулалық негіздері ұсынылды.

Қазіргі таңда «Фитохимия» холдингінде жаңа дәрілік препараттардың көзі болып табылатын әлеуетті қосылыстарды анықтау мақсатында 20 түйінді ферменттік нысанада арглабиннің 15 туындысының виртуалды докингін жүргізу, олардың матрицалық протеиндермен («лиганд-ақуыз» кешені) өзара әрекетін модельдеу және лигандты ақуызбен байланыстырудың константасын есептеу жұмыстары басталды (А. Даировтың (Қазақстан) баяндамасы).

Өсімдік шикізаты, субстанциялар мен дайын дәрілік түрлер өндірісі кезеңдерінің сапасын бағалау үшін стандартты үлгілерді қолдану GMP халықаралық стандарттарының негізгі талаптарының бірі болып табылады. Г.Х. Төлеуова мен оның әріптестерінің (Қазақстан) баяндамасында Еуропа, АҚШ және Ресей Фармакопеялары бойынша өсімдік текті дәрілік заттар стандартты үлгілерінің салыстырмалы талдауы ұсынылған. Стандартты үлгілердің (цинаропикрин, ментол, артемизинин, гроссгемин, ахиллин, глауцин) уақытша аналитикалық нормативтік құжатын жасау үшін терпеноидтар, флавоноидтар, алкалоидтар мен экдистероидтарды стандарттау нәтижелері көрсетілген.

Нанотехнология әдістерін қолдану арқылы дәрілік препараттарды алу әрекет етуші заттарды нысаналы мүшелерге селективті жеткізу есебінен олардың тиімділігін арттырып, ықтимал жанама әсерлерін төмендетуге мүмкіндік береді. «Бүкілресейлік молекулалық диагностика және емдеу ғылыми орталығы» ААҚ-да (Мәскеу қ., РФ) доцетаксел, силибин, винбластин қамтитын полимерлік нанокомпозицияларды жасау жөніндегі алынған тәжірибелік деректер дәрілік препараттарды жеткізудің тиімділігі жоғары жүйелерін жасаудың жаңа амалдарының келешегін көрсетеді. Бұл, өз кезегінде, олардың уыттылығының төмендеуін және әлеуметтік маңызды ауруларды емдеу тиімділігінің артуын қамтамасыз етеді.

Ю.С. Чистяченко мен Л.П. Сунцованың (Ресей Федерациясы) баяндамасында ұсынылған қатты фазалық механохимиялық әдістерді қолдану арқылы фитопрепараттар өндірісінің жаңа технологияларын жасау фитохимиялық өндірістің келешекті бағыттарының бірі болып табылады. Дәрілік өсімдік шикізатын механохимиялық өңдеу тәсілін енгізу нативті субстанциялардың ерігіштігін арттыруға мүмкіндік береді.

Профессор Х.И. Итжанованың (Қазақстан) баяндамасында ауыз арқылы енгізілетін түрлерді қабықшамен қаптауға арналған заманауи қосалқы заттар мен жабдықты қолдану арқылы таблеткалар түріндегі бірегей фитопрепараттар өндірісінің технологиясы ұсынылған.

ӨР ҒА Өсімдік заттар химиясы институтында құрамының 80-85% өсімдік шикізатынан тұратын «Аллапинин», «Аклезин», «Аксаритмин», «Ликорин гидрохлорид», «Галантамин гидробромид», «Аконитин» бірегей дәрілік препараттары субстанцияларының өнеркәсіптік өндірісі ұйымдастырылған. Жаңа технологияның шеңберінде «Аллапинин» және «Аксаритмин» препараттары өндірісінің қалдықтарынан тұрмыстық химия өнімінің биологиялық белсенді қоспасы ретінде қолданылатын «Липидті концентрат» алынады (техника ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ш. Сагдуллаевтың баяндамасы, Өзбекстан).

Профессор В.Ф. Корсун (Ресей Федерациясы) өз баяндамасында фитотерапия қазіргі таңда барлық өркениетті әлем елдерінің заманауи клиникалық медицинасының ажырамас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Фитотерапияны медициналық көмек көрсету стандарттарына (хаттамаларына) енгізуді және РФ ДӘДМ Фармакологиялық комитетінде жаңа фитопрепараттарға арналған өтінімдерді қарау мерзімін 1 жылға дейін шектеуді ұсынды. Сондай-ақ, ұлт денсаулығының маңдай алды мәселелерінің бірі болып табылатын фитофармакологияны дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп қарастырған жөн деп тұжырымдады.

Конференцияға қатысушылар «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің 20 жыл ішінде қол жеткізген негізгі жетістіктерін ерекше атап өтті. 1995-2015 жж. ішінде Қазақстан аумағында өсетін 500 астам өсімдік түрі зерттелген. Жаңа биологиялық белсенді қосылыстарды іздеу тұрғысынан 362 өсімдік түрінің келешегі зор екендігі анықталды; 1000 астам табиғи қосылыс бөлініп алынды және сәйкестендірілді, олардың негізінде терпеноидтар, флавоноидтар, стероидтар мен алкалоидтар топтарына жататын 2000 астам жаңа туынды синтезделді, туындылардың бірқатары микробқа, вирусқа, қышымаға, ісікке қарсы, анальгетикалық, фагоцитоз ынталандырушы және т.б. айқын белсенділікті танытты; 72 жаңа бірегей фитопрепарат жасалып, өндіріске енгізілді. Олардың ішінде ісікке қарсы «Арглабин» препараты, «Салсоколлин» гепатопротекторы, паразитке қарсы «Саусалин» препараты, «Атеролид» гиполипидемиялық дәрі-дәрмегі, адаптогенді «Экдифит» препараты және т.б. бар; рецензияланатын және рейтингі жоғары журналдарда 1500 астам ғылыми жұмыс жарияланды, 25 монография шығарылды. Зерттеулер 85 ҚР патентімен, 10 АҚШ патентімен, 3 Еуропалық және 3 Еуразиялық патенттерімен, Қытай, Грузия, Украина патенттерімен қорғалған.

1995-2015 жж. ішінде холдинг қызметкерлері 14 докторлық және 64 кандидаттық диссертацияны қорғап шықты.

Холдинг базасында Қарағанды фармацевтикалық зауыты салынып, пайдалануға берілді. Онда дәрілік шикізатты өндіру мен оны қайта өңдеуден бастап, фитопрепараттардың дайын дәрілік түрлерін өндіруге дейінгі толық технологиялық цикл құрылып енгізілді. Биологиялық белсенді қосылыстар мен дәрілік заттардың республикалық банкі ұйымдастырылды.

Конференция жұмысының барысында қатысушылар «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертханалары мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірістік цехтерімен танысты.

Конференция жоғары ғылыми деңгейде өтті, қатысушылардың баяндамалары қызу талқыға салынып, жұмыс қорытындылары бойынша тиісті шешім қабылданды.

Конференцияға қатысушылар кезекті «Фитохимияның жетістіктері және даму келешегі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын 2017 жылдың маусым айында РҒА СБ А.Е. Фаворский атындағы Иркутск химия институтының базасында өткізуге ұсыныс жасады.

Тезистер жинағын жүктеу

 

«Фитохимияның жетістіктері және даму келешегі»

халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын

ұйымдастырушы комитетінен

ҚР ҰҒА корреспонден-мүшесі,

химия ғылымдарының докторы, профессор                                   Г.А. Атажанова

 

Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы