2015 жылғы 12 маусым күні  «Фитохимия»  холдингінің базасында Германия  онкологтар қауымдастығының  вице-президенті доктор Х.Maстальдің (Juvital Medical Center,  Висбаден қ., Германия) қатысуымен  «Арглабин» бірегей қатерлі ісікке қарсы препаратының бірлескен  клиникалық сынақтары жөнінде жұмыс семинары болып өтті.

Жиналыс жұмысына онколог дәрігерлер қатысты: медицина ғылымдарының докторы, профессор Сирота  В.Б., медицина ғылымдарының кандидаты Кострова  Е.В.; холдингтің жетекші ғалымдары, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі,  химия ғылымдарының докторы, профессор Г.А.Атажанова, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, фарм. ғылымдарының докторы,  профессор Итжанова Х.И., фармацевтика ғылымдарының кандидаттары Төлеуова Г.Х. және Жабаева А.Н., медицина ғылымдарының кандидаты Сейдахметова Р.Б. және Арыстан Л.И. Барлығы 20 адам қатысты.

Семинар ҚР ҰҒА  академигі, химия ғылымдарының докторы,  профессор  С.М.  Әдекеновтің төрағалығымен өтті,  жиналысқа қатысушылар қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препаратының  клиникалық зерттеулері бойынша сұрақтарды талқылады.  

 Доктор  Х.Масталь Juvital Medical Center (Висбаден қ., Германия) клиникасында жүргізілген  «Арглабин» препаратының клиникалық сынақтарының нәтижелерін көрсетті.     «Арглабин» препараты ісік жасушаларына сезімталдықты тексеру тестілерінде оң нәтиже көрсетті,  сонымен қатар,  С дәруменімен қосылған «Арглабин»   препаратымен емдеуде тиімділік 86%-ды көрсетті.  Арглабинді қолдану емделушінің  перифериялық қанында  рак жасушаларының құрамын 67%-ға азайтады.  

Доктор Х.Масталь «Фитохимия» холдингінің зертханаларын аралап, Қарағанды  фармацевтикалық зауытында бірегей дәрілік препараттарды шығару  технологиясымен танысты.