Алтай мемлекеттік университеті делегациясының «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингіне сапары туралы ақпарат.

2017 жылдың 6-7 желтоқсанында Алтай мемлекеттік университетінің делегациясы (Барнаул қ., РФ) «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінде сапармен болды.
Делегация құрамына Алтай мемлекеттік университеті химиялық факультетінің деканы, профессор Н.Г. Базарнова, Биологиялық медицина ҒЗИ директоры, б.ғ.д., профессор В.В. Лампатов, Алтай мемлекеттік университеті өсімдіктер биотехнологиясы бөлімінің меңгерушісі, б.ғ.к. Л.И. Тихомирова, Алтай мемлекеттік университеті органикалық химия кафедрасының доценті, х.ғ.к. Е.В. Лагуткина, Биологиялық медицина ҒЗИ аға ғылыми қызметкері Н.М. Семенихина кірді.
Сонымен қатар, 2017 жылдың 6 желтоқсанында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің базасында Алтай мемлекеттік университеті профессорларының қатысуымен бірлескен ынтымақтастықтың келешектері және бірлескен ғылыми зерттеулерді жүргізу жөніндегі ғылыми семинар өтті.
Семинар жұмысына «Фитохимия» холдингінің жетекші ғалымдары, докторанттар мен магистранттар қатысты. Барлығы 30-дан астам қызметкер. Семинар ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор С.М. Әдекеновтің төрағалығымен өтті.

Профессор Н.Г. Базарнованың баяндамасы Алтай мемлекеттік университеті мен Қазақстан Республикасының ғылыми және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастық келешегіне, Алтай мемлекеттік университеті ғылыми зерттеулерінің басым бағыттарына, Алтай биофармацевтикалық кластеріне, жас мамандардың тағылымдамаларына, ғылыми қызметкерлерді даярлау және біліктілігін арттыруға арналды. Сонымен қатар, Н.Г. Базарнова Алтай мемлекеттік университетінің базасында басылып шығарылатын «Өсімдік шикізаты химиясы» ғылыми журналы туралы ақпаратты ұсынды.
Профессор В.В. Лампатов өз баяндамасын химияның, биотехнология мен биоинженерияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, дәрілік табиғи шикізаты мен оның негізіндегі өнімдерді алудың және оларды қолданудың инновациялық әдістерін жасауға, дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспалардың сапасын бақылау әдістерін жасауға арнады.
Алтай мемлекеттік университетінің делегациясы «Фитохимия» холдингінің зертханаларымен және Қарағанды фармацевтикалық зауытындағы бірегей дәрілік препараттарды өндіру технологияларымен танысты.
Семинарға қатысушылар Алтай мемлекеттік университетінің профессорларымен Ресей-Қазақстандық Алтай флорасы өсімдіктерінің химиялық құрамын, бөліп алынған табиғи қосылыстардың химиялық құрылымдары молекулаларының құрылысын және олардың биологиялық және фармакологиялық белсенділігін зерттеу, медицинаға арналған жаңа дәрілік препараттарды жасау бойынша, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу гранттарына қатысу, мамандармен алмасу, бірлескен тағылымдамалар және «Фитохимия» холдингінің қызметкерлерін Алтай мемлекеттік университетінде оқыту, магистратура мен PhD докторантура арқылы ғылыми кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру бойынша келешекті бағыттарды талқылады.
Сондай-ақ, «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ қызметкерлеріне РҒА СБ Химиялық биология және іргелі медицина институтында, Пермь фармацевтикалық академиясында, Самара мемлекеттік медицина университетінде биоорганикалық химия, фармацевтикалық химия, фармакология, фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандықтары бойынша диссертациялық жұмыстарды қорғауға жәрдемдесу мәселесі қарастырылды.