Әзірбайжан Республикасы ҰҒА профессоры Э.Н. Новрузовтың сапары

   2017 жылдың 6-12 қазанында Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы Ботаника институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, биология ғылымдарының докторы, профессор Эльдар Новруз Оглы Новрузов (Баку қ.) «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауытында сапармен болды.
   Профессор Э.Н. Новрузов «Фитохимия» холдингінің зертханаларымен және Қарағанды фармацевтикалық зауытында бірегей дәрілік препараттар өндірісінің технологиясымен танысып шықты.                                                                                                                 

   2017 жылдың 9 қазанында «Фитохимия» холдингінің базасында профессор Э.Н. Новрузовтың қатысуымен Қазақстан мен Әзірбайжан өсімдік шикізатының биологиялық белсенді заттарын бірлесіп ғылыми зерттеуді талқылау семинары өтті.
 Семинар  жұмысына  «Фитохимия»  холдингінің жетекші ғалымдары, докторанттар мен магистранттар қатысты. Барлығы 30 астам қызметкер.
 Семинар  ҚР ҰҒА  академигі,  химия ғылымдарының докторы, профессор С.М. Әдекеновтің төрағалығымен өтті.
   Профессор Э.Н. Новрузовтың баяндамасы Әзірбайжандағы ресурстанудың жағдайы, келешегі мен проблемаларына арналды. Семинарға қатысушылар профессор Э.Н. Новрузовпен Қазақстан мен Әзірбайжан өсімдіктерінің химиялық құрамын, олардың биологиялық белсенділігін зерттеудің келешекті бағыттарын, жас мамандардың тағылымдамаларын, ғылыми қызметкерлерді даярлау және біліктілігін арттыруды талқыға салды.
   Профессор Э.Н. Новрузов сапарының нәтижелері бойынша Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының Ботаника институты мен «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.