Профессор Мухаммад Икбал Чоудхаридің «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингіне сапары

  2015 жылдың 13-14 желтоқсанында Карачи университеті Химиялық және биологиялық ғылымдар жөніндегі халықаралық орталығының директоры, профессор Мухаммад Икбал Чоудхари (Пәкістан) «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауытында сапармен болды.
  2015 жылдың 14 желтоқсанында «Фитохимия» холдингінің базасында профессор Мухаммад Икбал Чоудхаридің қатысуымен өсімдік шикізатының биологиялық белсенді заттарының бірлескен ғылыми зерттеулеріне, «Фитохимия» холдингінің COMSATS-қа – Ислам мемлекеттерінде ғылымды дамыту қорына кіруіне арналған ғылыми семинар өтті.
  Профессор Мухаммад Икбал Чоудхари COMSATS-тың, Ислам мемлекеттерінің ғылымдар мен технологиялар жөніндегі тұрақты комитетінің мүшесі болып табылады. COMSATS-тың төрағасы – Пәкістанның президенті. COMSATS-тың негізгі мақсаты – ислам мемлекеттерінің арасында ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастықты нығайту. COMSATS ғылым мен инновациялық технологияларды дамытуға гранттар бөледі.
  COMSATS-қа мүшелік химия, биология және медицина саласындағы халықаралық ғылыми және білім беру жобалары мен бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді.
Семинар жұмысына химия ғылымдарының докторлары, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлары Г.М. Қадірберлина, Н.М. Ғафуров, химия ғылымдарының докторы, Органикалық синтез және көмір химиясы институтының профессоры С.Д. Фазылов, медицина ғылымдарының докторы, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің профессоры С.К. Жауғашева, Қарағанды фармацевтикалық зауытының директоры, фармацевтика ғылымдарының докторы Е.Г. Толоконников, «Фитохимия» холдингінің жетекші ғалымдары – ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Атажанова, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Е. Итжанова, химия ғылымдарының докторлары, профессорлар А.Ж. Тұрмұхамбетов, Б.И. Төлеуов, химия ғылымдарының кандидаттары Ж.С. Нұрмағанбетов, Г.К. Мұқышева, фармацевтика ғылымдарының кандидаттары Г.Х. Төлеуова, А.Н. Жабаева, медицина ғылымдарының кандидаттары Р.Б. Сейдахметова, Л.И. Арыстан,  докторанттар мен магистранттар қатысты. Барлығы 50 астам қызметкер.
  Семинар ҚР ҰҒА академигі, химия  ғылымдарының докторы, профессор С.М. Әдекеновтің төрағалығымен өтті.
   Профессор Мухаммад Икбал Чоудхаридің баяндамасы Карачи университеті Химиялық және биологиялық ғылымдар жөніндегі халықаралық орталығының (Пәкістан) негізгі ғылыми бағыттарына арналды.
  «Фитохимия»  холдингінің  қызметкерлері  Карачи университетінің Химиялық және биологиялық ғылымдар жөніндегі халықаралық орталығында тағылымдамадан өтіп, өсімдіктер жаңа дәрілік заттары молекулаларының құрылысын және олардың фармакологиялық қасиеттерін зерттеу саласында ғылыми жұмыс жүргізді.
  Семинарға қатысушылар профессор Мухаммад Икбал Чоудхаримен Қазақстан өсімдіктерінің химиялық құрамын зерттеу, бөліп алынған табиғи қосылыстар химиялық құрылымдары молекулаларының құрылысын анықтау, олардың биологиялық және фармакологиялық белсенділігін зерттеу, медицинаға арналған жаңа дәрілік препараттарды жасау, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу гранттарына қатысу, мамандар алмасу, бірлескен тағылымдамалар және «Фитохимия» холдингінің қызметкерлерін Карачи университетінің Химиялық және биологиялық ғылымдар жөніндегі халықаралық орталығында оқыту, магистратура мен PhD докторантура арқылы ғылыми кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру бойынша келешекті бағыттарды талқылады.
  Профессор Мухаммад Икбал Чоудхари өз сапарының нәтижелері бойынша «Фитохимия» холдингінің ғылыми-инновациялық әлеуетіне белгілі қазақстандық ғылыми-өндірістік орталықтың COMSATS-қа кіруіне септігін тигізетін баға берді.

  Семинар жұмысы барысында Карачи университетінің Химиялық және биологиялық ғылымдар жөніндегі халықаралық орталығы мен «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.