«Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті» КЕАҚ және «Парасат» ғылыми-технологиялық орталығы» АҚ өкілдерінің «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ-ға сапары
2022 жылғы 12 тамызда Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Мұхаметрахымұлы Бегентаев, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Әлібек Жұмабекұлы Шоқпаров, «Парасат» ғылыми-технологиялық орталығының басқарма төрағасы Асқар Сайлаубекұлы Смағұлов «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінде («Фитохимия» ХҒӨХ) сапармен болды.
«Парасат» ғылыми-технологиялық орталығы (Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ еншілес кәсіпорны) «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің жалғыз акционері болып табылады.
Сапар барысында делегация кәсіпорынның инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жабдықталуымен, дәрілік өсімдіктерді өсіруге арналған учаскелермен, бірегей дәрілік препараттардың тәжірибелік өндірісімен, «Фитохимия» ХҒӨХ қызметкерлерінің жаңа технологиялары мен ғылыми жетістіктерімен танысты.
«Фитохимия» ХҒӨХ ұжымымен кездесу барысында кәсіпорынды дамыту стратегиясы, технологияларды коммерцияландыру, бірлескен ғылыми жобалардың санын арттыру саласындағы бірлескен ынтымақтастықтың әлеуетті мүмкіндіктері туралы мәселелер талқыланды.