ЖАС ЭКОЛОГТАР ФОРУМЫ

2019 жылдың 10-12 маусымыда Қарағанды қаласында жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумы өтті. Қазақстанның барлық аймақтарынан 50-ден астам оқушы кеншілер астанасына сапар шекті.

Экофорумның мақсаты – оқушыларды табиғатты қорғау қызметіне тарту, экологиялық мәдениетті және туған өлкенің табиғатына экологиялық қатынасты тәрбиелеу.

«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауыты аталған Экофорумға белсене қатысып, Павлодар, Нұр-Сұлтан, Орал, Шымкент және Ақтөбе қалаларынан келген жас экологтар мен табиғат зерттеушілері үшін ғылыми-танымдық экскурсияны ұйымдастырды.

Форум қатысушыларын Қарағанды фармацевтикалық аймақтық кластерінің директоры Е.Г. Толоконников пен «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің өкілдері: бас ғылыми хатшы Г.К. Мұқышева, ғылыми хатшы О.В. Морозова, бөлім меңгерушісі Ғ.М. Мұхаметжанова, жетекші маман А.Ж. Игібаев қарсы алып, кәсіпорынмен таныстырды.

Қарағанды фармацевтикалық кластерінің директоры Е.Г. Толоконников форум қатысушыларын қарсы алуда

«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының қызметкерлері оқушыларға дәрілік шикізатты өсіруден, соның ішінде оны қайта өңдеуден бастап бірегей дәрілік препараттардың дайын дәрілік түрлерін шығаруға дейінгі толық технологиялық циклін көрсетті.

Дәрілік препараттар субстанцияларын хроматографиялық тазарту учаскесінде
Бақылау-аналитикалық жұмыстар және физика-химиялық зерттеу әдістері зертханасында
Эфир майлары учаскесінде

Ботаника және биотехнология зертханасының меңгерушісі З.Қ. Шәушеков мектеп оқушыларын табиғи флора мен дәрілік өсімдіктердің коллекциялық учаскелерімен таныстырды. Кеппешөп қорында Е.М. Ғабдуллин экскурсия қатысушыларына сирек және эндемикалық өсімдіктердің кеппешөп парақтарын көрсетті. Қызметкер Б. Бекеев кеппешөп қорының электронды базасы туралы айтып берді.

Ботаникалық бақта

Жануарханамен танысу барысында эксперименттік жануарлар оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Фитопрепараттар технологиясы зертханасында жетекші ғылыми қызметкер, фармацевтика ғылымдарының кандидаты И. Хабаров, жетекші инженерлер Б. Боханов, Д. Балташ, А. Анаев форум қатысушыларына тәжірибелік-өнеркәсіптік экстракторларда, буландыру аппараттарында, сұйықтық хроматографтарда, перколяторда, еріткіштерді қалпына келтірудің ректификациялық қондырғыларында жұмыс жасау қағидаларын көрсетті.

Терпеноидтар химиясы зертханасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, химия ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Атажанова оқушыларды эфир майларын алу қондырғысымен таныстырып, табиғи эфир майларының негізіндегі парфюмерлік композициялы сабын үлгілерін көрсетті.

Мектеп оқушылары сұйық және қатты дәрілік түрлер учаскесінде болды, фитошайларды өндіру және қаптау, тұнбаларды құю, шәрбаттарды, жұмсақ дәрілік түрлерді, капсулаларды, таблеткалар мен қабықшамен қапталған таблеткаларды өндіру үдерістерін бақылады.

Экскурсия барысында оқушылар өз пікірлері мен алған әсерлерімен алмасты.

Экскурсияның соңында Экофорум қатысушыларына «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС-нің дайын фармацевтикалық өнімі салынған сыйлық пакеттері табысталды.

Экофорум қатысушылары фармацевтикалық зауыттың алдында

FaLang translation system by Faboba