«Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ-ға «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы
2019 жылдың 16-24 маусымында Шымкент және Орал қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің 33 шәкірті мен 6 оқытушысы Қарағанды облысы бойынша «Туған елге тағзым» зерттеу экспедициясына қатысты.
«Туған елге тағзым» танымдық-өлкетану жобасы бойынша Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары 18.06.2019 жылы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертханалық және тәжірибелік-эксперименттік базасында, сондай-ақ Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірістік учаскелерінде болды.
Экскурсия барысында оқушылар табиғи флора мен дәрілік өсімдіктердің коллекциялық учаскелерімен, сирек және эндемикалық өсімдіктердің кеппешөп парақтарымен, кеппешөп қорының электронды базасымен, эндемикалық өсімдік түрлерін биотехнологиялық сақтау әдістерімен танысты.
Бас ғылыми хатшы Г.К. Мұқышева мен ботаника және биотехнология зертханасының меңгерушісі З.Қ. Шәушеков экскурсия қатысушыларына «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің 80 жылдық тарихы бар және Қарағанды қаласының құрылуы мен дамуында маңызды орын алатын ботаникалық бағы туралы айтып берді. Ең алдымен, ботаникалық бақ өнеркәсіптік қаланың өкпесі ретінде өңірімізді көгалдандыру мен абаттандыруға зор үлесін қосады. Кенші өңірдің жасыл бұрышы биологиялық алуандықты зерттеудің, сирек, жойылып бара жатқан және эндемикалық өсімдіктерді сақтаудың, өзге аудандық ағаштарды, бірегей түрлерді жерсіндірудің маңызды ғылыми-танымдық орталығы болып табылады. Ботаникалық бақтың коллекциялық учаскелері 450-ден астам өсімдік түрін қамтиды.
Оқушылардың үлкен қызығушылығын жануархананың меңгерушісі А. Даировтың әңгімесі тудырды. Ол қонақтарды жаңа дәрілік препараттар сынақталатын эксперименттік қояндармен, алақоржындармен, теңіз шошқаларымен, егеуқұйрықтармен, тышқандармен таныстырды.
Ғылыми хатшы О.В. Морозова, «Фитохимия» ХҒӨХ ғылыми қызметкерлері мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының технолог инженерлері өсімдік шикізатын қайта өңдеу мен субстанцияларды алудан дайын дәрілік түрлерді алуға дейінгі бірегей дәрілік препараттардың өнеркәсіптік өндірісінің барлық кезеңдерін көрсетті.
Оқушылар тәжірибелік-өнеркәсіптік экстракторлар, буландыру аппараттары, сұйықтық және газды хроматографтар, спектрлік аспаптар, перколятор, еріткіштерді қалпына келтірудің ректификациялық қондырғысы, таблет-пресс, капсулалау қондырғысы, блистерлеу машинасы, пеллеттерді, микротүйірлерді өндіру мен таблеткаларды қабықшамен қаптауға арналған куотер сияқты бірегей аспаптар мен жабдықтардың жұмыс қағидаларымен танысты.
Орал қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушылары Дара Баянғалиева мен Әсел Зұлқарнаева ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, химия ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Атажанованың жетекшілігімен өсімдіктердің эфир майларын зерттеу жөніндегі ғылыми жобаны орындайтынын атап өткен жөн.
Ғалымдар мен мамандар экскурсия қатысушыларын дәрілік өсімдіктерді өсіру, жануарларға эксперименттер жүргізу, дәрілік препараттар мен фитошайлар өндірісі жөнінде қызықтырған барлық сұрақтар бойынша толық жауап берді.
Экскурсияның соңында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі туралы буклеттер мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының дайын фармацевтикалық өнімі салынған сыйлық пакеттері табысталды.