«Shanghai Zenith Biotech Co. Ltd» компаниясымен (Қытай, Шанхай қ.) ынтымақтастық
2020 жылдың 10 қаңтарында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің, Қарағанды фармацевтикалық зауытының және «Shanghai Zenith Biotech Co. Ltd» компаниясының (ҚХР, Шанхай қ.) өкілдері арасында кездесу өтті..
Кездесуге Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингтен: бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор С.М. Әдекенов, фитопрепараттар технологиясы зертханасының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, фармацевтика ғылымдарының докторы Х.И. Итжанова, фитопрепараттар технологиясы зертханасының меңгерушісі, фармацевтика ғылымдарының кандидаты И.А. Хабаров, стандарттау, сынау және сапаны бақылау бөлімінің меңгерушісі, фармацевтика ғылымдарының кандидаты А.Н. Жабаева; Қарағанды фармацевтикалық зауытынан директоры, фармацевтика ғылымдарының докторы Е.Г. Толоконников; «Shanghai Zenith Biotech Co. Ltd» компаниясынан бас директоры Закир Сыдықов қатысты.
Талқылау және пікір алмасу барысында тараптар келесі келісімге келді:
«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауыты өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді қосылыстар негізінде субстанция өндіру бойынша Қытай әріптесімен бірлескен кәсіпорынды ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар мен техникалық тапсырмалар дайындайды.
«Shanghai Zenith Biotech Co. Ltd» компаниясы сублиматорлардың жұмысымен танысу және оларды Қарағанды фармацевтикалық зауытының учаскесінде қолдану мүмкіндігі үшін Бейжің қаласында сублимациялық қондырғыларды жасау зауытының мамандарымен Қарағанды фармацевтикалық зауыты өкілдерінің кездесуін ұйымдастырады. Сондай-ақ сублимациялық қондырғыны сатып алған жағдайда жабдықты Қарағанды фармацевтикалық зауытының экстракциялау және сублимациялық кептіру цехында орнату, іске қосу мен ретке келтіруді, қызметкерлерді оған қызмет көрсету бойынша оқытуды ұйымдастырады.
«Shanghai Zenith Biotech Co. Ltd» бас директоры «Фитохимия» ХҒӨХ зертханаларымен және Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірістік учаскелерімен, кәсіпорындардың ғылыми зерттемелері мен шығарылатын фармацевтикалық өнімдерімен танысты.