Қарағанды облысы әкімдігінің хабарламасы
«Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ және Қарағанды фармацевтикалық зауыты өсімдік заттары негізіндегі фитопрепараттарды, зарарсыздандырушы және бактерияға қарсы құралдарды шығару көлемін ұлғайтуда. Өндірісті кеңейтуге 100 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке өңір орталығына жұмыс сапары барысында айтылды. – Қазақстанда 16 негізгі фармацевтикалық зауыт бар, олардың 95%-ы сырттан әкелінетін шикізатпен жұмыс істейді. Ал біз барлығын – дәрілік шикізаттан дайын препараттарға дейін – өзіміз өндіреміз. Барлығы 72 препарат. Сондай-ақ жаңа иммунтүрлендіруші препараттар жасалды, – дейді «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ бас директоры Серғазы Әдекенов.
Қарағанды фармацевтикалық зауыты – шикізат өндіру, оны қайта өңдеу, қажетті субстанцияларды алудан дайын препараттарды шығаруға дейінгі бірыңғай технологиялық циклге ие кәсіпорын. Қазіргі уақытта өндірісте өсімдік шикізатын экстракциялау және лиофильді кептіру цехын салу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.