Коронавирусқа қарсы құпия дәрі: қазақстандық ғалымдардың зерттемелеріне шетелдік фармацевтикалық компаниялар қызығушылық танытуда

Қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы бірегей препарат жасау үшін жұмыс істеуде. Сонымен қатар, зерттемелерге шетелдік фармкомпаниялар қызығушылық танытуда деген сөздер бар. Ақпарат әзірге зерттеу зертханасының қабырғасынан шықпады, тек "КАРАВАН" үшін ғана ерекшелік жасалды.

Бүкіл әлем қазір COVID-19 ауруына қарсы дәрі іздеуде. Жүздеген ғалымдар, миллиардтаған айналымы бар алып фармацевтикалық компаниялар әлемді коронавирус індетінен құтқаратын ғажайып дәріні іздеуде. Қазіргі заман тарихында соншама күткен препарат болған жоқ, сірә. Карантинде бүкіл ғаламшар отыр, экономикалар төмен қарай сырғанап, мыңдаған адам қаза тауып, миллиондаған адам қорқыныш сезіміне батты. Бүкіл әлемнің ғалымдары өз емдеу тәсілдерін ұсынып жатыр.

Қазақ даласы – бұл нағыз дәріхана

Наурыз айында Франция мен АҚШ безгекті емдеуде қолданылатын "Плаквенил" препаратын пайдаланудың тиімділігі туралы мәлімдеген. Дәрігерлер оның көмегімен азитромицин антибиотигімен бірге коронавирусты жұқтырғандарды 6 күн ішінде аяққа тұрғызғанын мәлімдеді. Мұндай терапияны 80 емделушіге жүргізді. Ғалым Дидье Рауль іс жүзінде қаһарманға айналды, бүкіл әлем оның ашқан жаңалығын талқылады. АҚШ президенті Дональд Трамп FDA ресми ұсыныстарын күтпестен науқастарды емдеу үшін препаратты пайдалана бастағаны туралы мәлімдеме жасады. Дегенмен, кейінірек бұл комбинация ауру дамуының бастапқы сатысында ғана тиімді екендігі туралы ақпарат пайда болды.

Десе де, коронавирусқа қарсы таблетка бүгінде мемлекеттердің бірінші тұлғаларын қоса алғанда, барлығын мазалайтыны хақ.

Ресейде өз панацеяларын – безгекке қарсы препаратты – жариялады. Сондай-ақ ғалымдар Кеңес Одағында қолданылған арбидол мен дибазол вирусқа қарсы құралдарын еске түсірді. Олар әлі күнге дейін "медициналық тиімділігі клиникалық дәлелденген жоқ" санатында қалуда. Дибазол – қымбат емес дәрі, кейбіреулер оны кеңес фармацевтикасының үздік өнімі деп санайды, тіпті бұл дәріні тұмау эпидемиясының алдында балабақшаларда қолданған. Бастапқыда ол сарбаздардың төзімділігін арттыру секілді басқа мақсаттар үшін жасалған. Оның иммунтүрлендіруші қасиеттері туралы кейін белгілі болды. Алайда дибазолдың коронавирусқа қарсы тиімділігі дәлелденбеген.

Бүкіл әлем дәрі-дәрмектер арасында сенделіп, дәрігерлер тәжірибелік түрде құтқарушы комбинацияны іздеуде. Қазір Үндістан, Ресей және басқа да кейбір елдер коронавирусты емдеуде АИТВ препараттарын қолдануда, осы себепті оны тіпті "ұшатын ЖИТС" деп те атап кеткен. Сондықтан COVID-19-ға қарсы пәрменді құралдың пайда болуы үздік әлемдік жаңалық болуы ықтимал. Ал одан арғы оқиғалар барлықтарымызға белгілі апат фильмдерінің сценарийі бойынша дамитын сияқты. Дәріні жасаушы ел алдымен өз халқын, кейін кезек-кезекпен басқаларды қамтамасыз ететіні түсінікті.

Осы жерде келесі сұрақ туындайды: бұл кезекте біз нешінші орындамыз? Жауап бір жақты: біз басқа елдердің фармацевттеріне үміттенбей, өз дәрі-дәрмегімізді іздеуіміз қажет.

қазақ даласы бірден-бір табиғи дәрі-дәрмектерге толы нағыз дәріхана екенін ескермейді. Соңғы жылдары отандық фитомедицина химиялық индустрияға қарағанда әлдеқайда жылдам дамып келеді. Ал біздің табиғи шикізатымыз әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие.

Сондықтан Қазақстанда бір компания коронавирусқа қарсы бірегей препарат жасау бойынша табысты жұмыс істеп, оның табиғи шикізатқа негізделгені туралы жаңалық біздің назарымызды аудартты.

Тіпті, шетелдік фармокомпаниялар зерттемеге қызығушылық танытып, жобаны қаржыландыруға дайын екенін атап өтті, бірақ біздің мамандар Қазақстанда патенттелетін дәрі-дәрмек жасауға тырысып жатыр.

Ғылым әлеміндегі сенсация ма?

Наурыз айының соңында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек , елдегі жағдайға байланысты тығыз кестеге қарамастан "Фитохимия" кәсіпорнында болып қайтқаны белгілі болды. Ол жерде коронавирусқа қарсы препарат ұсынылып, бұл ғажайып құралды өндіріске тезірек енгізуге уәде берді деседі.

Біз Қарағандыда орналасқан "Фитохимия" халықаралық ғылыми-өндірістік холдингімен байланыстық.

Онда коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек жасау жөніндегі зерттеулердің жүргізіліп жатқанын растады. Бірақ ғалымдар кеңейтілген ақпарат беруден бас тартты. Олар сенсация іздемейді, зертханаларда жұмыс қайнап жатыр, әлі де көптеген сынақ сатыларынан өту керек.

Кәсіпорын көп жылдан бері жаңа биологиялық белсенді табиғи қосылыстарды іздеу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына маманданып келеді және өсімдік заттары негізінде бірегей дәрілік препараттарды жасаумен айналысады. Қазіргі уақытта холдинг 165 қызметкер еңбек ететін химиялық, фармакологиялық, биологиялық, фармацевтикалық бағыттағы 12 ғылыми-зерттеу бөлімшесін қамтитын ірі ғылыми-өндірістік кешен болып табылады.

Бізге белгілі болғандай, "Фитохимия" мамандары вирусқа қарсы жаңа препаратқа клиникалық зерттеу жүргізу және оның тәжірибелік партияларын өндіру үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне 2020-2022 жылдарға "Бірегей дәрілік препараттардың өндірісін дамытуға арналған жаңа технологиялар" ғылыми-техникалық бағдарламасын ұсынды . 500-ден астам өсімдік түрлерінің ішінен ғалымдар 3 мыңнан астам табиғи қосылыстар мен олардың туындыларының үлгілерін бөліп алды, сәйкестендірді және биологиялық белсенділігін зерттеді.

Олардың ішінен А тұмауы, адамның иммунитет тапшылығы, геморрагиялық қызба вирустарына, сондай-ақ коронавирусқа қарсы айқын белсенділігі бар үлгілер іріктелді.

Бұл ғылыми әлемнің назарынан тыс қалған жоқ. Клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізу үшін базалар ұсынған Ресей мен Беларусьпен келіссөздер жүргізілді.

"Жүргізілген эксперименттер нәтижелері бойынша жусаннан бөліп алынған сесквитерпенді лактон және бұйырғын алкалоиды комбинациясының негізінде вирусқа қарсы бірегей препарат жасалды", – делінген бағдарламада.

Барлығымызға таныс жусан коронавирусты жеңудің көзі бола алады ма?

Әрине, оның белгілі бір түрлері мен ерекше қосылыстары туралы айтылуда. Ғалымдар барлық құпияны аша алмайды. Бірақ жусан шын мәнінде бірден-бір емдік өсімдік болып табылады. Ал бұйырғын қауіпті індетті емдеуде жоғары тиімді нәтиже беретін сиқырлы компонент болуы мүмкін.

Бірегей қосылыс

Көшпенді халық ежелден бері-ақ жусанның бірегей емдік қасиеттері туралы білді. Көктем мен жазда ол ащы болғандықтан мал оны айналып өтеді. Алғашқы қатқақтардан кейін ащы дәмі кетіп, қой, жылқы мен түйелер бұл өсімдікті жей бастайды. Сондықтан күзгі және қысқы шопан тұрақтары жусан өсетін жерлерге жиі қоныстанатын.

Artemisia туысының ғылыми атауы Артемида (Artemis) құрметіне берілген, аңыз бойынша ол жусанның емдік қасиеттерін ашқан әрі өсімдік пен жануарлар патшалығының құдайы ретінде құрметтелді.

Басқа нұсқасы бойынша, атау artemes ("сау") деген грек сөзінен шыққан. Көріп отырғанымыздай, ата-бабаларымыз шөптің таңғажайып қасиеттері туралы бұрыннан білді.

Бүгінгі таңда жаңа технологиялар өсімдіктерден бұрын елестетуге қиын нәрселерді алуға мүмкіндік береді, мәселен, адамда иммундық үдерістерді іске қосып, ағзаны вирусты жеңу ресурстарын өзі табуына ынталандыратын заттарды айтуға болады. Жаңа препараттың бірегейлігі – оның құрамына басқа компоненттің кіруі, яғни бірегей бимолекулалық қосылыс – вирусқа қарсы қазақстандық құрал субстанциясының негізі жасалды.

Жапырақсыз бұйырғын, анабазис – бұл сирек сарғыш-қызғылт гүлдері бар аласа шала бұта.

Түрі көріксіз болғанмен, ол шын мәнінде ғажайып қасиеттерге ие, дейді ғалымдар. Анабазис –шөлейт өсімдігі, әдетте, сексеуілге жақын өседі. Оны тек Қазақстанның оңтүстігінде, Орта Азияда, Ресейдің Волгоград пен Астрахань облыстарында ғана кездестіруге болады. Бұйырғынды алғаш рет күрделі зерттеу 1929 жылы басталды. Өсімдіктің барлық органдарында алкалоидтар бар.

Бұйырғын алкалоидтарының ең бастысы – анабазин. Оның тотығуы кезінде никотин қышқылы немесе PP дәрумені пайда болады. Тек соңғы жылдары ғана әлемдік ғылым бұл дәруменді мұқият зерттей бастады, бірақ оның барлық бірегей емдік қасиеттері әлі күнге дейін анықталмаған.

Сондай-ақ, 1933 жылы кеңес зерттеушілері бұйырғыннан метиланабазин (анабазиннің туындысы) препаратын алғаны белгілі. Ол тыныс алуға қозғаушы әсер етеді және кофеинмен бірге қолдануға ұсынылады.

Бұл ақпарат – ашық түрде табуға болатын коронавирусты емдеуге арналған болашақ препарат компоненттерінің бөлігі туралы ғана.

Ғалымдар қазір барлық мәліметтерді жария ете алмайтыны түсінікті жайт, дегенмен олардың төл перзенті бізді құтқаратынына үміттенеміз.

Проблемалар ғалымдарды тежеуде

Бүгінде республикада 112 фармацевтикалық өндіруші бар,бірақ бірде-бір отандық кәсіпорын өз (қазақстандық) субстанцияларын өндірмейді. Десе де, 50-ден астам бірегей дәрілік препаратты жасау және өндіріске енгізу саласында айтарлықтай ғылыми әлеует бар. Бұл Назарбаев Университетінің, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, А.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының, "Фитохимия" ХҒӨХ, Оңтүстік Қазақстан мелмекеттік медицина академиясының зерттемелері.

Қазақстандық ғалымдардың зерттемелерін енгізуді тежейтін факторлардың бірі – бұрын болған зауыт зертханалары үлгісіндегі пилоттық өндірістің жоқтығы, дейді ғалымдар.

Қазір олар осындай алаңдарды бүкіл әлем бойынша іздеуге мәжбүр. Тіпті табысқа ұмтылған идеялардың көпшілігі тәжірибе деңгейінде тұрып қалуы ықтимал деген оймен келісуге тура келеді. Сөйтсе, дәрі-дәрмектер жарық көрмеуі де әбден мүмкін.

Бүкіл әлем өмір бұрынғыдай болмайтынын және басты сала мұнай өндіру емес, биотехнологияның дамуы болып табылатынын түсінді.

Бүгін зерттеушілер үлкен үміт артатын бірегей отандық препарат зертханадан өндіріске дейінгі жолды барлық қиындықтардан өтіп, дәріханалар мен клиникаларға мүмкіндігінше тезірек түсе алады деп үміттенеміз.

Кім біледі, мүмкін, бұл дәрі ғаламшарды құтқаратын шығар. Көзді жауып, сиқырлы ертеңгі күнді елестетіп көргім келеді – ол жылдам келіп, мен "Қазақстандық ғалымдар дәрі ойлап тапты. Коронавирус жеңілді!” атты мақаланы жазсам екен.

Алматы

Авторы: Дарья Искандерова

Дереккөз: Караван

20 сәуірде жарияланды.

FaLang translation system by Faboba