«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі жас ғалымдарының жобалары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гранттарын жеңіп алды
2021 жылдың желтоқсанында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің жас ғалымдары ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға ҚР БҒМ конкурсына іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша жұмыстарын ұсынды.
2022 жылдың сәуірінде мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысы бойынша, сондай-ақ «Өмір және денсаулық туралы ғылым» басым бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің шешіміне (2022 жылғы 14 сәуірдегі № 3 хаттама) сәйкес жас фитохимиктердің АР13067888 «Өсімдік метаболиттері негізінде жаңа буын дәрілік заттарын жасау» (Жетекші: PhD докторы Карима Сейтбекова) және АР13067996 «Вирустық инфекциялардың алдын алу үшін өсімдік иммунтүрлендіргішін жасау» (Жетекші: PhD докторы Айнұр Жұмақаева) екі жобасы қаржыландыру үшін мақұлданды.
АР13067888 «Өсімдік метаболиттері негізінде жаңа буын дәрілік заттарын жасау» жобасын іске асыруға PhD докторы Карима Сейтбекованың жетекшілігімен перспективті жас ғалымдар, PhD-докторанттар - Ғабиден Байсаров, Жанар Шаймерденова, Әсел Аманжан қатысады..
Жобаның идеясы өсімдіктердің фармакологиялық белсенді метаболиттері - леукомизин сесквитерпенді лактоны мен пиностробин флавоноиды негізінде дәрілік субстанцияларды жасау болып табылады. Судағы ерігіштіктің төмендігі өсімдік қосылыстары негізіндегі жаңа фармацевтикалық субстанцияларды қолдану үшін қиындықтар туғызатыны белгілі. Жобада шешілетін негізгі мәселелердің бірі суда аз еритін өсімдік метаболиттерінің биожетімділігін арттыру болып табылады. Бұл мәселені шешу үшін жобаны орындаушылар суда еритін қатты дисперсияларды алу үшін тиісті реагенттермен сесквитерпенді лактондар мен флавоноидтардың негізінде алғаш рет бағытталған қатты фазалық синтезді жүргізеді. Синтезделген суда еритін өсімдік тектес субстанциялар негізінде жаңа тиімді дәрілік препараттар жасалатын болады.
АР13067996 «Вирустық инфекциялардың алдын алу үшін өсімдік иммунтүрлендіргішін жасау» жобасын орындауға PhD докторы Айнұр Жұмақаеваның жетекшілігімен 5 жас ғалым, соның ішінде PhD докторы, PhD докторанты, 2 магистр, магистрант қатысады. Жоба өсімдік тектес сесквитерпенді лактон негізінде жаңа тиімді иммунтүрлендіргіш құралды жасауға арналған. Жасалған субстанцияның эксперименттік иммунодепрессия кезіндегі иммундық жауаптың жасушалық және гуморальдық буындарына қатысты in vitro және in vivo жағдайларында спецификалық фармакологиялық белсенділігін зерттеу жоспарлануда. Табиғи сесквитерпенді лактон негізіндегі жаңа иммунтүрлендіргішті зерттеу нәтижелері әлсіреген иммундық жүйемен байланысты ауруларды емдеуге арналған отандық бірегей өсімдік тектес препараттар сұрыпталымын кеңейтуге мүмкіндік береді.