Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ-да
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2022 жылғы 15 қазанда Қарағанды қаласына жасаған жұмыс сапары барысында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ (бұдан әрі – «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ) болып қайтты.
«Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Мыңжасарұлы Әдекенов Министрді кәсіпорын қызметінің негізгі ғылыми бағыттарымен таныстырды. Ғылым және жоғары білім министрі холдингтің инфрақұрылымымен және материалдық-техникалық жабдықталуымен, дәрілік өсімдіктерді өсіруге арналған учаскелермен, кеппешөп қорымен, ғылыми зертханалармен, бірегей дәрілік препараттардың тәжірибелік өндірісімен танысты.
Министрдің ботаника және биотехнология, стероидты қосылыстар химиясы, алкалоидтар химиясы, фармакология, бақылау-аналитикалық жұмыстар және физикалық зерттеу әдістері, фенолды қосылыстар химиясы, терпеноидтар химиясы, фитопрепараттар химиясы зертханаларына, кеппешөп қорына, виварийге, тәжірибелік фармацевтикалық өндіріске баруы кезінде ғылыми хатшы О.В. Маслова, зертхана меңгерушілері: профессор Б.И. Төлеуов, PhD докторы Ж.Р. Шаймерденова, PhD докторанттары Г.К. Асанова, Г.М. Байсаров, А. Аманжан өз түсіндірмелерін берді.
Фармацевтика ғылымдарының докторы Е.Г. Толоконников Министрге «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ әзірлеген және «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС шығаратын бірегей дәрілік препараттарды өндіру технологияларын таныстырды, соның ішінде «Арглабин» ісікке қарсы бірегей препараты, «Саусалин» паразитке қарсы құралы, «Атеролид» атеросклерозға қарсы құралы, «Салсоколлин» гепатопротекторы, анаболикалық, адаптогендік, сергітетін «Экдифит» құралы мен «Экдисоп» фитошәрбаты, «Аяфрол» жараларды жазатын жақпамайы, «Матрипин-Дент» пародонтозға қарсы гелі, 18 түрлі фито-шайлар, дәрілік өсімдік эфир майлары қосылған бактерияға қарсы қатты иіс сабынының 11 түрі. «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС өсімдік шикізатын өсіруден, өңдеу мен дәрілік заттарды алудан бастап дайын дәрілік түрлерді өндіруге дейінгі өндірістің толық циклімен айналысады.
Министр Саясат Нұрбек 1892 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтитын химия, дәрі-дәрмек технологиясы, фармацевтикалық химия, фармакология, биотехнология, ботаника саласындағы 1700 басылым бойынша қоры бар кітапхананың жұмысымен танысты.
«Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ білікті кадрларды, соның ішінде қосарлы білім беру жүйесі бойынша даярлауға үлкен көңіл бөледі. «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ зертханалық және тәжірибелік-өндірістік базасында бекітілген бағдарламаларға сәйкес жыл сайын жақын шетел мен Қазақстан Республикасының 20-дан астам жоғары оқу орындарынан химиялық, фармакологиялық, биологиялық, фармацевтикалық, агротехникалық бағыттағы 50-ден астам студенттер, магистранттар мен докторанттар оқу-кәсіптік тәжірибеден өтеді.
«Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ халықаралық деңгейде алыс және жақын шетелдің (Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Швейцария, Германия, Түркия, Нидерланд, Пәкістан, Иран, Аргентина, Үндістан, Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және т.б.) 30 ғылыми ұйымдары мен фармацевтикалық компанияларымен ынтымақтастық бойынша үлкен, жемісті әрі ауқымды жұмыс жүргізуде.
«Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ «COMSTECH» халықаралық ғылыми қорының мүшесі болып табылады, бұл холдинг қызметкерлеріне отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту үшін химия, биология, медицина саласындағы халықаралық ғылыми және білім беру жобалары мен бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді.
Профессор С.М. Әдекенов Министрге 2023 жылғы 11-13 қыркүйекте «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ негізінде өткізілетін алдағы Изопреноидтар жөніндегі XXV халықаралық конференцияға дайындық жағдайы туралы ақпарат берді. Осыған дейін Изопреноидтар жөніндегі конференциялар тек Еуропа аумағында өткізіліп келді, ал Изопреноидтар жөніндегі XXV конференция – бұл Азияда алғаш рет өткізіліп отырған ғылыми форум. Конференция жұмысына әлемнің 30-ға жуық елінен химия, дәрі-дәрмек технологиясы, медицина, фармацевтика ғылымы саласындағы 120-дан астам ғалым қатысады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта онлайн режимінде Ғылыми және Ұйымдастыру комитеттерінің 6 отырысы өткізіліп, онда конференцияға қатысушыларды тіркеу, пленарлық және ауызша сөз сөйлеу түрінде презентация үшін баяндамаларды іріктеу, жетекші шетелдік ғалымдарға ауызша баяндамалар жасау үшін қосымша шақырулар жолдау, ұйымдастыру жарнасын төлеу мәселелері қаралды. Пленарлық ауызша баяндамалармен сөз сөйлеу бойынша 26 спикерден растау алынды, конференцияны Еуропалық химиялық қоғамның, Еуропаның фитохимиялық қоғамының, Fitoterapia (Италия) журналының сайттарында ілгерілету бойынша жұмыс жүргізілуде.
Министр «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ ғалымдарының жетістіктерін жоғары бағалап, Мемлекет басшысы ғылыми жұмыстың басымдықтарын қайта қарауды тапсырғанын, қазір алдымызда тұрған негізгі мәселелердің бірі – адамдардың әзірлемелерімізді іс жүзінде пайдалануына қол жеткізу екенін атап өтті.
Саясат Нұрбек холдингтің ғылыми қызметкерлерімен кездесу барысында биылдан бастап шетелдің жетекші ғылыми орталықтарында жас ғалымдардың ғылыми тағылымдамалары үшін арнайы гранттар бөлінетінін, «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ магистранттары мен PhD докторанттары біліктілігі мен ғылыми әлеуеттін арттыру мақсатында осы бағдарламаларға белсенді қатыса алатынын атап өтті.
Орын алған кездесудің қорытындысы бойынша Саясат Нұрбек сындарлы кездесу үшін қатысушыларға өз алғысын білдірді.