«Биологиялық белсенді қосылыстар: химиядан медицинаға дейін» XVI халықаралық ғылыми конференциясы туралы АҚПАРАТ
2026 жылғы 7-9 қазан аралығында Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының академик С.Ю. Юнусов атындағы Өсімдік заттары химиясы институты ұйымдастырған «Biologically Active Compounds: From Chemistry to Medicine» («Биологиялық белсенді қосылыстар: химиядан медицинаға дейін») XVI халықаралық ғылыми конференциясы өтті.
Конференция екі айтулы датаға орайластырылған:
- академик С.Ю. Юнусов атындағы Өсімдік заттары химиясы институтының 70 жылдығы (1956-2026);
- Аллапинин аритмияға қарсы препаратының клиникалық тәжірибеге енгізілуінің 40 жылдығы.
Институт негізін 1956 жылы академик С.Ю. Юнусов қалаған және жетпіс жыл ішінде Орталық Азиядағы табиғи қосылыстар химиясының жетекші орталықтарының біріне айналды. Институт ғалымдары өсімдік тектес көптеген алкалоидтарды, флавоноидтарды, терпеноидтарды және басқа да қосылыстарды зерттеп, олардың негізінде бірегей дәрілік препараттар жасады. Олардың ішіндегі ең танымалы – Аллапинин – 40 жылдан бері кардиологиялық тәжірибеде қолданылып келе жатқан лаппаконитин алкалоиды негізіндегі аритмияға қарсы құрал.
1965 жылдан бастап институт «Табиғи қосылыстар химиясы» (Chemistry of Natural Compounds) халықаралық журналын шығарады, ол АҚШ-та ағылшын тіліне аударылып, Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстеледі.
Конференцияға Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, Португалия, Әзербайжан, Гонконг және басқа да бірқатар елдерден табиғи қосылыстар химиясы, өсімдік заттарының фитохимиясы және фармакологиясы саласында жұмыс істейтін 144 ғалым қатысты.
XVI Халықаралық ғылыми конференцияда 61 пленарлық баяндама, 35 ауызша хабарлама тыңдалып, 59 стендтік баяндама ұсынылды.
Баяндамалар келесі негізгі бағыттар бойынша ұсынылды:
- Табиғи қосылыстардың химиясы, биологиясы, технологиясы және биотехнологиясы;
- Аурулар мен денсаулық: Қытай (Синьцзян) – Орталық Азия;
- Аритмияға қарсы препараттар – Аллапининні 40 жыл қолданылуы.
Қазіргі заманғы медициналық химия мен табиғи қосылыстар химиясының алуан түрлілігін көрсететін баяндамалар ерекше назар аударуға тұрарлық. Академик С.О. Бачурин «γ-карболин мен карбазолдың жаңа туындылары нейродегенеративті ауруларды емдеуге арналған дәрілік құралдардың перспективті хемотиптері ретінде» (Ресей), академик Ш.И. Салихов «Адамның герпесвирустарына қатысты кең спектрлі әсер ететін өсімдік полифенолдарының вирусқа қарсы белсенділігі» (Өзбекстан), Э.И. Мусабаев «Созылмалы вирустық инфекциялар кезіндегі терапевтік перспективалар» (Өзбекстан) тақырыптарында баяндама жасады. Химиялық трансформацияларға, синтезге және биологиялық белсенділікке академиктер Чжоу Цилиньнің «Кетондардың асимметриялық гидрленуі және хиральды дәрілік құралдардың синтезі» (Қытай) және А.В. Кучиннің «Дәрілік құралдарға перспективті кандидаттарды алу үшін табиғи қосылыстардың бағытталған химиялық трансформациялары» (Ресей), профессор К.Х.Дж. Башердің «Карвакрол және оның биологиялық белсенділігі: жаңартылған шолу» (Солтүстік Кипр), профессор С.М. Әдекеновтің «Табиғи сесквитерпенді лактондар негізіндегі жаңа қосылыстар. Құрылысы және биологиялық белсенділігі» (Қазақстан), профессор Анаке Киджоаның «Құрлық және теңіз саңырауқұлақтары дәрілік құралдарды іздеу үшін перспективті молекулалардың көзі ретінде» (Португалия), профессор И.В. Фатеевтің «5-фенил-1,2,4-триазол-3-тионның алкил алмастырылған дезоксирибозидтерінің ферментативті синтезі және герпеске қарсы белсенділігі» (Ресей), профессор Хамада Хабаның «Алжир флорасының кейбір дәрілік өсімдіктерінің фитохимиялық сипаттамасы және фармакологиялық қасиеттері» (Алжир) баяндамалары арналды.
![]() |
![]() |
![]() |
Молекулалық құралдар мен жеткізудің озық технологияларына арналған секцияда И.М. Рыжовтың «Функционалдандырылған синтетикалық липидтер жасуша бетінің инженериясы үшін молекулалық құралдар ретінде» (Ресей), Н.В. Шилованың «Функционалдандырылған синтетикалық липидтер: биология мен медицинада қолдану» (Ресей) және профессор М.Р. Муйдиновтың «Медициналық мақсаттағы гидрофобты, биоүйлесімді және селективті наносорбенттерді жасау технологиясы» (Өзбекстан) баяндамалары ұсынылды. Академик С.М. Деев ісікке қарсы таргетті терапия мәселелерін қарастырған (Ресей). Бұл баяндамалар синтетикалық липидтердің, наносорбенттердің және мақсатты жүйелердің биомедицинадағы әлеуетін көрсетті.
Фармакология, молекулалық механизмдер және биобелсенді метаболиттер саласындағы зерттеулерге профессор Чжэн Гуйцзюаньның «Уваол NLRP3 инфламмасомасының сигналдық жолын басу есебінен қабыну мен пироптозды азайтып, миокард инфарктісінің көріністерін әлсіретеді» (Қытай) және профессор Ручилак Раттардың «Табиғи қосылыстар қабынуға қарсы құралдардың көзі ретінде» (Таиланд) баяндамалары арналған. Сара Вестарп (Германия) «Нуклеозидтер аналогтарының хемоферментативті синтезі: реакцияның термодинамикалық және кинетикалық бақылауы» баяндамасын ұсынды, онда ферментативті және органикалық синтездің түйіскен жеріндегі жетістіктер баяндалды; профессор Ван Лоуи – «Sorangium cellulosum гендік инженериясы: миксобактериялардың екіншілік метаболизмін ашу платформасы» (Қытай); профессор А. Ефименко – «Адам жасушалары және олардың секретомы регенеративті фармакология құралы ретінде» (Ресей); профессор Эльдар Гараев – «Thalictrum minus L. тамырының алкалоидтарын бейіндеу және жіті әсер ету кезінде in vivo токсикологиялық, биохимиялық, гематологиялық және ультрақұрылымдық әсерлерді бағалау» (Әзербайжан); профессор Ким Хён Ук – «Функционалды май қышқылдарын тұрақты өндіру үшін майлы дақылдар инженериясы» (Корея Республикасы); профессор Ван М.Н.Х. Ван Салле – «Малайзия флорасында табиғи қосылыстарды іздеу: эфир майлары және екіншілік метаболиттер. Эфир майлары мен екіншілік метаболиттер туралы жаңа деректер» (Малайзия) баяндамаларын ұсынды.
Профессор Чжу Вэйлян «Жасанды интеллектіні қолдана отырып, дәрілік құралдарды іздеу және қайта бейіндеу» (Қытай) баяндамасында дәрілік құралдарды әзірлеуде жасанды интеллектіні пайдаланудың рөлі мен артықшылықтарын көрсетті.
Аллапининнің клиникалық тәжірибеге енгізілуінің 40 жылдығына арналған арнайы секция Институттың жүрек-қан тамырлары фармакологиясын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Оның аясында академик М.С. Юнусовтың «Дитерпеноидты алкалоидтар негізіндегі аритмияға қарсы құралдар» (Ресей), профессор В.М. Юнусовтың «Лаппаконитин гидробромиді (Аллапинин): клиникалық және эксперименттік перспективалары» (Ресей) және К.П. Черемныхтың «Фармакологиялық перспективті қосылыстар алу үшін мультикомпонентті реакциялар көмегімен лаппаконитинді түрлендіру» (Ресей) баяндамалары тыңдалды. Д-р С.Ш. Срожидинов (Өзбекстан) «Өзбекстандағы кардиоэмболиялық инсульт: эпидемиологиясы мен диагностикасы» баяндамасында өзекті клиникалық мәселені көрсетті.
Жалпы, конференцияда академик С.Ю. Юнусовтың ғылыми мектебінің көпжылдық жұмысы қорытындыланып, оның отандық фармацевтика саласын дамытуға қосқан үлесі көрсетілді. Шетелдік қатысушыларға өзбек зерттеушілерінің зерттеу нәтижелерімен танысуға, бірлескен жобаларды талқылауға және аймақтағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Конференция барысында ӨЗХИ-де әзірленген бірегей дәрілік препараттардың көрмесі ашылып, оның ғылыми мектебінің 70 жылдық тарихы туралы материалдар ұсынылды.
Конференцияның тікелей көрсетілімі: https://youtube.com/live/UzHcWmAtD-U?feature=share.
Академиктер С.М. Әдекенов және Б.И. Төлеуов конференция барысында өсімдік экдистероидтары мен флавоноидтары негізінде фитопрепараттар өндірумен айналысатын «Bioplantek» фармацевтикалық өндірісінде болды. Фирма басшысы – Дилшот Тураходжаев. Ғылыми кеңесші – техника ғылымдарының кандидаты Марат Тураходжаев. Өсімдік сығындылары негізінде қатты дәрілік түрлерді (таблеткалар, капсулалар) өндіру жолға қойылды.
|
![]() |
|
Мәселен, құрамында 5%-ға дейін туркестерон және 7% экдистерон бар Түркістан иістішөбінің сығындысы негізінде АҚШ-қа экспортталатын БАҚ (70000 қаптама) өндіріледі. Жалпы, 10-нан астам өнім түрі (Ferula Max, Ekditon, Anabasis, Turk Builder Max, Turk Builder Platinum, Turkesterone (Ajuga Turk субстанциясы), негізінен АҚШ, Жапония, Еуропа нарығы үшін шығарылады.
Компания экдистероидтар мен флавоноидтар қамтитын тәжі түймебас қазақстандық өсімдік шикізатына қызығушылық танытып отыр.
Біз өзбек тарапына Қарағандыдағы «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ-ның фармацевтикалық өндірісін кеңейтуді, тәжі түймебас шикізатын экстракциялауға арналған экстракциялық қондырғыларды қосымша жеткізуді ұсындық. Кейін құрғақ сығындыны дайын өнім өндіру үшін Ташкенттегі «Bioplantek» компаниясына жөнелту. «Bioplantek» компаниясы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы шарт дайындап, «Фитохимия» ҒӨО» АҚ-ға жібереді.
Сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Өсімдік заттары химиясы институтының (ӨЗХИ) өкілдері академик Ш.Ш. Сагдуллаевпен, PhD докторы С.З. Нишанбаевпен, И.Д. Шамьяновпен келіссөздер жүргізілді. Өзбекстан тарапы ежелгі мәдениет ғимараттарын қатты зақымдайтын термиттерге қарсы инсектицидтерді іздеу бойынша бірлескен жұмыстарды жүргізуге мүдделі. Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Өсімдік заттары химиясы институтымен 2026-2028 жылдарға арналған ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы шарт жасалды.




