ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.В. Склярдың «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ мен «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС-не сапары туралы АҚПАРАТ
27.03.2019
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.В. Скляр 2019 жылдың 15 наурызында Қарағанды облысына жасаған сапары барысында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ мен «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС-інде болды.
«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің негізгі бағыты бірегей дәрілік препараттарды жасау, оларды өндіру үшін халықаралық GMP стандарттарының талаптарына сәйкес келетін ғылымды қажетсінетін технологиялар жасау және оларды өндіріске енгізу жөніндегі ғылыми-өндірістік жұмыстар болып табылады.
Сапар барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.В. Скляр «Фитохимия» ХҒӨХ мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірістік учаскелеріне енгізілген және республикамыздың фармацевтикалық кәсіпорындарына енгізілуі жоспарланған бірден-бір инновациялық технологиялармен, атап айтқанда, халықаралық GMP стандарттары бойынша дәрілік препараттар өндірісінің сапасын кезең-кезеңмен бақылау, дәрілік шикізатты көмірқышқылдық және сұйықтық экстракциялау, субстанцияларды бөлу мен тазартуға арналған препаративті және ортадан тепкіш бөлу хроматографиясы, бірегей препараттардың субстанцияларын жалған сұйықталған кептіру және таблеткаларды қабықшамен қаптау технологияларымен танысты.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 06.09.2018 ж. №18-01-7.12 тапсырмасын орындау мақсатында Қарағанды қаласында «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының негізінде дайын фармацевтикалық өнімнің қосылған құнын қалыптастыруға қатысатын 17 кәсіпорынды біріктірген Қарағанды фармацевтикалық аймақтық кластері ұйымдастырылып, қызмет етеді. Қарағанды фармацевтикалық аймақтық кластері ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен инновациялық технологияларды фармацевтикалық өндіріске тиімді әрі оңтайлы енгізуге, сондай-ақ ғылыми жетістіктерді коммерцияландыруға және отандық фармацевтикалық сала үшін білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Аталған кластерді дамыту үшін 2020-2022 жылдарға арналған «Бірегей дәрілік препараттардың өндірісін дамытуға арналған инновациялық технологиялар» ғылыми-техникалық бағдарламасы дайындалып, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсынылды. Бағдарлама бірегей қазақстандық препараттарды шығару және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған инновациялық технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жоғарыда аталған бағдарламаны қолдап, Қарағанды фармацевтикалық аймақтық кластерін дамыту мәселелерін фармацевтика жөніндегі Жол картасына енгізуді ұсынды.