Халықаралық қатысумен өткен «МедХим-Ресей 2019» медициналық химия жөніндегі 4-ші Ресей конференциясы (Екатеринбург қ., Ресей Федерациясы, 2019 жылғы 10-14 маусым) туралы ақпарат
2019 жылғы 10-14 маусым аралығында Екатеринбург қаласында Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Н. Ельцин атындағы Уральск Федералдық университетінің негізінде халықаралық қатысумен «МедХим-Ресей 2019» медициналық химия жөніндегі 4-ші Ресей конференциясы өтті.
Конференция жұмысына әлемнің 7 елінен жетекші ғылыми орталықтардың, жоғары оқу орындарының, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бірлестіктердің 300-ге жуық ғалымдары мен мамандары, оның ішінде РҒА 9 толық мүшесі мен 10 мүше-корреспонденті қатысты.
Конференция тақырыбы химия, фармацевтика және медицина ғылымдарының негізгі даму бағыттарын қамтыды. Конференция бағдарламасы бойынша органикалық синтез және белгіленген қасиеттерге ие, әлеуетті биологиялық белсенділігі бар жаңа қосылыстарды іздеу мәселелері талқыланды; молекулалық деңгейде биологиялық белсенді қосылыстардың әрекет ету механизмдері, «құрылым-биологиялық белсенділік» өзара байланыс мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар аурулармен күресу мәселелері қарастырылды.
Конференция форматы пленарлық және секциялық отырыстарды, сателлиттік симпозиумдарды қамтыды.
«МедХим-Ресей 2019» конференциясы барысында халықаралық қатысумен А.Ю. Барышников атындағы «Жаңа отандық ісікке қарсы препараттар және медициналық технологиялар: проблемалары, жетістіктері, келешегі» атты XVI бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияның мақсаты – ісікке қарсы қосылыстарды құрастыру мен синтездеудің, медициналық технологиялардың ғылыми негіздерін жасаудың өзекті тәсілдерін анықтау, сондай-ақ ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жас ғалымдар мен олардың зерттеулерін қолдау.
Конференция бағдарламасы қатерлі ісіктерді емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жасаудың заманауи тәсілдері қарастырылған баяндамаларды қамтыды. Онкологияда диагностикалық және терапиялық мақсаттар үшін табиғи және синтетикалық металл кешендерін қолдану мәселелері, ісікке қарсы қосылыстар метаболизмін зерттеу нәтижелері қарастырылды; ісікке қарсы жаңа дәрілік заттарға скрининг жүргізу мәселелері баяндалды.
Конференцияда «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі қызметкерлерінің баяндамалары ұсынылды.
ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор С.М. Әдекеновтің баяндамасы онкологиядағы жаңа «Арглабин» дәрілік препаратының фармакологиялық және клиникалық зерттеулеріне арналды. Баяндамада Н.Н. Блохин атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығында (Мәскеу қ., Ресей), MD Anderson клиникасында, NuOncology Labs Inc. компаниясында (Хьюстон қ., АҚШ), Leonardis Klinik клиникасында (Бад-Хайльбрун қ., Германия), Грузия Республикасының Ұлттық онкология орталығында (Тбилиси қ.), Қырғызстанның Ұлттық онкология орталығында (Бішкек қ.) және Қазақстан Республикасының онкологиялық клиникаларында бауыр, өңеш, аналық без, жатыр мойны, өкпе және сүт безі обырының монотерапиясында, сондай-ақ басқа химиотерапиялық құралдар мен сәулелік терапиямен емдеу кезінде «Арглабин» препаратын клиникалық зерттеу нәтижелері жинақталды.
PhD докторант А.М. Жұмақаеваның баяндамасында сүт безі обыры кезіндегі Hras онкологиялық ақуыздарын эксперименттік зерттеу нәтижелері ұсынылды. Сүт безі обырының молекулалық-генетикалық ерекшеліктерін зерттеу кезінде ісік үдерісінің сатысына байланысты иммуногистохимиялық ерекшеліктердің арглабин препаратының терапиялық нысаналары болып табылатын Hras онкологиялық ақуыздарымен корреляциялық байланысы анықталды.
Конференция барысында Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қолдану құралдарын сараптау ғылыми орталығының «Медициналық қолдану құралдарын сараптау ғылыми орталығының хабаршысы», «БИОпрепараттар: алдын алу, диагностикалау, емдеу», «Фармакотерапияның қауіпсіздігі мен тәуекелі» ғылыми-тәжірибелік журналдарының көрмесі ұйымдастырылды. Конференцияға қатысушылар жоғарыда аталған журналдарда өз материалдарын жариялау мүмкіндігіне қызығушылық танытып, бұл басылым беттерінен кейінгі жұмыс үшін өзекті ақпаратты алды.
«МедХим-Ресей 2019» форумы химия, фармацевтика және медицина саласын дамыту үшін жоғары маңызға ие, конференцияға қатысушылар медициналық химия және дәрі-дәрмек жасау саласындағы өзекті зерттемелер, жаңа тәсілдер мен озық технологиялар бойынша пікір алмасты.